ҚАЙСАР ҚЫЗЫ ҚАЗАҚТЫҢ

ӘЛИЯ

Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Ақтөбе облысының Қобда ауданында 1924 жылы 20 сәуірде дүниеге келді. Бала кезінде жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленді.  Кішкентай Әлия Ленинградқа барып, соғысқа дейін сонда тұрды. 9-сыныпта оқыды (қазір ол мектеп Әлия Молдағұлова есімінде). Бірге оқыған сыныптастарының естелігіне қарағанда, өзіне өте сенімді талапшыл жас болған. Оны мақсаткерлік пен адалдық және адамгершіл сергектік қасиеттері басқалардан айрықша ерекшелендірген. Алыс ауылдан келсе де,  бәрімен де тез тіл тауып, зерделі зейінімен, білімпаз біліктілігімен түгел баурап алған.

1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітірді. Бірақ біраз уақытқа дейін командование алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпеді. Алайда, жас қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазды. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататынды. Ашық шайқасқа ол 1943 жылы маусымда 2-Прибалтика майданының 26-атқыштар дивизиясы құрамында түсті. Ефрейтор шенінде өз дивизиясымен барлық ірі-ірі айқастарға қатысып, құралайды көзінен атқан нағыз мергендігімен дараланды.

Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.Ол алғашқы жауынгерлік тапсырмаларын Ленинград майданында 1943 жылдың шілде айында орындады. Алғы шепке сұранған ол қасында 3 майдандас қыздарымен бейтарап зонадан өтіп, екі еңгезердей немісті тұтқындаған. Екі ай мерзім ішінде 32 фашистің көзін жойған. 1943 жылы Холм қаласы түбінде барлауға қатысып, нәтижесінде бес «тіл» ұстаған. Холм түбіндегі асқан ерлігі үшін әскери комиссариат Молдағұлованы «Даңқ» орденіне ұсынған.Осы жылдың желтоқсан айында Новосокольник ауданында соғысқа дайын болу бұйрығын алған бригада құрамында 1944 жылдың 10 қаңтарына дейін батальон алғы шепті барлап ұрысқа дайындалады.

12 қаңтарда Шенайлово, Волгино, Насва станцияларын, Казачиха селоларын алуға бұйрық алады. Казачиха селосына келген кезде бригада жауынгерлерінің жартысынан жуығына дейін айрылған еді, бірақ бұйрықты орындау керек. Әлия барлаушылар қатарында біздің жаяу әскерге қауіп төндіріп тұрған жау пулеметін граната лақтырып талқандаған. Өзін нысанаға алған жауды тұтқынға түсіріп, қаңтардың 13-нен 14-не қараған күні Әлия ротаны ұрандап шабуылға көтерді.Оның үні жауынгерлерге дем беріп, соңынан ілескен солдаттар жаудың бетін қайтарады. Осы шайқаста өжет қыз ауыр жараланып, қаһармандықпен қаза тапты.СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен 1944 жылы 4-маусымда Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова (1925-1944) рухына арнап көше аты да берілді, ескерткіш те қойылды, өлең де жазылды.

Ал қаһарман қызға жасалған тағзымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні еді. «Әлия» әні дүниеге 1975 жылы келген екен. Көзі тірісінде сазгер былай деген екен: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән — жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ. Дайын ән жас әнші Нағима Есқалиеваға ұсынылады. Алайда, ән кеңінен сол кезде 17 жасар әнші Роза Рымбаеваның орындауында танылды.

1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында ән шырқалып, бірінші орынды иеленді. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған болатын. «Әлия» әні жас әнші Роза Рымбаева көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашты. Сондай-ақ, «Әлия» әні көпшілікке сазгер Сейдолла Бәйтерековты де таныстырды. Себебі, сол кезде сазгер есімі елге таңсық, аса танылмаған екен. «Әлия» әні көптеген жас әншілердің ән қоржынынан табылғанменен, халық жадында ол халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауымен мәңгі қалатыны сөзсіз. Ән патриоттық рух пен ұлттық құндылықты оятады. Тарихқа тағзым, ерлікті ұлықтайтын әсем ән. «Әлия» әні  халық қазынасына айналған, орны ерекше шығарма болып қала бермек.

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

w

Connecting to %s